Құттықтаймыз!
Қадірлі Жанғара ДӘДЕБАЙҰЛЫ!
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты ұжымы Сізді бүгінгі жеті белестен асқан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтайды!
Өзіңіз басқарып отырған Абай ғылыми-зерттеу институты бүгінде абайтану саласында елімізге танымал іргелі ғылыми мекемеге айналған. Абай институты Ұлттық университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен құрылған күннен бастап он бес жылға жуық уақыт ішінде абайтану саласында ауыз толтырып айтарлық маңызды да өзекті ғылыми нәтижелерге қол жеткізгені мәлім. Абай ҒЗИ-да жасалған игі істердің барлығы да Сіздің көреген басшылығыңызбен, салиқалы шешімдеріңізбен, көп ретте өзіңіздің тікелей тер төгіп, бел шешіп кіріскен бейнетқорлығыңызбен атқарылды. Сіз Абай айтқан «Ақыл. Қайрат. Жүректі» тең ұстай білген іскер басшы, білім мен таным жолында тер төккен шын ғалым, жан-жағына ақыл мен ізгіліктің нұрын таратқан кісілігі зор зиялы тұлға ретінде өз ұжымыңызға қадірлісіз!
Ардақты Жанғара ДӘДЕБАЙҰЛЫ! Абай институтының Сіз бастаған қазыналы көші тек алға басып, ел игілігіне қызмет жасай берсін!! Көш басындағы ақылман абыздай білікті де парасатты, ізгі ниетті, жанашыр басшымыз ретінде біздің ұжымды жаңа биіктерге бастап, аман жүріңіз! Бүгінгідей мерейлі сәтте Сізге ақ ниетпен мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймайтын дәулет тілейміз. Отбасыңызда амандық пен береке, еңбегіңізде табыс, шығармашылығыңызда үлкен жетістіктер көбейе берсін!
Ізгі ниетпен, Абай ҒЗИ ұжымы